Aramco oil Ian Timberlake/Getty Images

Реттеушілердің арасындағы жарыс

ДУБАЙ – Сауд Арабиясына тиесілі әлемдегі ең ірі мұнай компаниясы - Aramco биржаға шыққалы жатқанда қор биржалары мен қаржы нарығын реттеушілерге бұл компанияның шетелдердегі акцияларын екі атаумен шығарту үшін қысым жасалып жатыр. Ұлыбританияның Қаржылық бақылау басқармасы (FCA) осы қысымға көнген сияқты.

Өткен айда FCA Лондон қор биржасының (LSE) қатаң ережемен бақыланатын «алтын стандары» саналатын премиум листинг сегментіне кіргісі келетін мемлекеттік компанияларға қойылатын талаптарды жеңілдететін шешім қабылдады. Бұл жай техникалық ақпарат ретінде берілгенімен, іс жүзінде Aramco-ны реттеудің аясынан шығып кетеді. Іс жүзінде бұл «реттеуші және қадағалаушы органдар мемлекеттік компаниялардың тәртібін басқаша реттеуді қалайды» дегенді аңғартады.

Консультациялық хатында Ұлыбритания Қаржылық бақылау басқармасы «суверенді қожайындар жекеменшік сектордағы адамдар мен мекемелермен салыстырғанда мотиві және табиғаты жағынан әркелкі болып келеді» деген. Бұл – негізі бар ұсыныс, әрі мемлекеттік компанияларға дәл осы себеппен ерекше жеңілдік берілмеуі керек.

Қаржылық бақылау басқармасының ұсынысы бойынша егер иелерінің 30 пайыздан астамы суверен болса, онда «Премиум листинг сегментіне» қабылданған мемлекеттік компаниялар байланысты тараптардың мәміле ережелеріне бағынбайды. Яғни, іс жүзінде биржаға кірген мемлекеттік компания мен мемлекет арасында мәміле жасалғанда, миноритарлық акционерлердің рұқсатын алу қажет болмай қалады. Ал қор биржасына кірген мемлекеттік компания негізгі жұмысына қатысы жоқ әлеуметтік міндеттемелерді жүзеге асыра береді, ал акционерлер бұған еш араласа алмайды.

Қаржылық бақылау басқармасының ұсынысына қатысты пікірталас капитал нарықтарында Стокгольм қор биржасы жекеменшік фирмаға айналған 1993 жылдан бері жалғасып келеді. Содан бері дамыған елдердегі қор биржалары әуе компаниялары не спорт командалары сияқты ұлттық мақтаныш құралдары емес, табыс табуға арналған мекемелерге айналды.

Осы өзгерістен соң листингтік реттеу кезінде алалауға жол беріп, мүдделер қақтығысы болмауы үшін қор биржасының қолындағы кейбір билік тетіктерін алып алды. Бұл өкілеттіліктер қаржы реттеушілерінің қолына берілді, ал олар ешқандай саяси ықпалға бағынбайтын, толық тәуелсіз мекеме болуы керек деген ұйғарым болды.

Subscribe to PS Digital
PS_Digital_1333x1000_Intro-Offer1

Subscribe to PS Digital

Access every new PS commentary, our entire On Point suite of subscriber-exclusive content – including Longer Reads, Insider Interviews, Big Picture/Big Question, and Say More – and the full PS archive.

Subscribe Now

Қаржылық бақылау басқармасының бұл ұсынысы ендігі жерде әсіресе Ұлыбританияда жоғарыдағы тұжырымның күші жоқ дегенді білдіреді. Себебі, Брекзитке ұмтылып отырған бұл ел әлемнің басты қоржылық орталығы ретіндегі Лондондағы Ситидің абыройын бәйгеге тігіп отыр. Бұл ұсыныс төменге бағытталған жарыстың жаңа ережесі ме, жоқ па, егер шынымен солай болса, бұдан инвесторлар қандай зардап шегуі мүмкін? Негізгі мәселе – осы.

Жалпы контекстке қарар болсақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының есебі бойынша, 2008-2011 жылдары әлемде жиналған капиталдың 63 пайызы дамушы нарықтардың компаниялары екен. Әлемдік деңгейдегі көрсеткішпен (13 пайыз) салыстырғанда, дамушы нарықтардағы мемлекеттік компаниялардың үлесі – 23 пайыз екен.

Өз елдерінде институционалдық инвесторларды тарта алмаған дамушы нарықтардағы ірі компаниялар, соның ішінде мемлекеттік компаниялар халықаралық қор биржаларына кіруге ұмтылады. Қазірдің өзінде премиум листинг талаптарына сай келмесе де, Лондон Қор биржасында Таяу Шығыстың бірнеше көгілдір фишкасы тіркелген.

Оның үстіне, Таяу Шығыстағы және басқа аймақтардағы дамушы елдердің үкіметтері энергетика және өнеркәсіп секторындағы мемлекеттік компанияларды жекешелендіруді ойластырып жатыр. Мәселен, Абу-Дабидің ұлттық мұнай компаниясы – ADNOC өзінің сауда бизнесін листингке шығару жоспары бар екенін хабарлады. Сондықтан, Қаржылық бақылау басқармасы тек Saudi Aramco-ға ғана емес, жалпы құрылымдық жеңілдік жасауды жоспарлап отыр.

Десе де, мемлекеттік компанияларда басқару тәуекелі бар. Мәселен, қазір Бразилияның жергілікті қор нарығында және Нью-Йорк қор биржасында саудаланатын Petrobras компаниясындағы жемқорлық жайы тергеліп жатыр. Соңғы жылдары Ресей мен Орталық Азияның үкіметпен байланысты компанияларының Лондон Қор биржасынан кете бастауы да осындай тәуекелдік бар екенін көрсетеді.

Қаржылық бақылау басқармасының тұжырымы бойынша, «инвесторлар мен нарықтың суверенді басқарудан болатын қосымша тәуекелді бағалауға мүмкіндігі толық жетеді». Бірақ мұның өзі күмәнді. Жетекші халықаралық нарықтарда институционалдық инвесторлардың күші басым, олардың көпшілігі индекстерді жай бақылап отыратын, басқаруды бақылауға инвестиция салуға құлықсыз мекемелер. Өткен бір жылдың ішінде ғана пассив қорлар белсенді түрде басқарылатын қорлардан 4,5 есе жылдам өсті, сөйтіп пассив қорлардың көлемі 6,7 триллион долларға жетіп, белсенді түрде басқарылатын қордың көлеміне (23,9 триллион доллар) жақындап қалды.

Мемлекеттік компаниялардың листинг стандарттарын жеңілдететін талаптардың арқасында Vanguard Asset Management сияқты пассив инвесторлардың саны артты, себебі олар активтерді басқару саласында менеджмен төлемдерін азайтуға күш салады. Пассив инвестиция көлемі арта беретіндіктен, халықаралық институционалдық инвесторлар ұзақ мерзім тұрғысынан бақылауды азайта түсетіні түсінікті.

Дегенмен, белсенді институционалдық инвесторлар да шешуші рөл атқара алмай қалуы мүмкін. Мәселен, әлемдегі ең ірі суверенді әл-ауқат қоры – Норвегияның мемлекеттік зейнетақы қоры Snapchat-тың FTSE-ге кіргеніне шағымданды, соның кесірінен ол инвестиция салуға мәжбүр болса да, индексті бақылап отыратындықтан, бұл оның өз акциялары үшін дауыс беруіне мүмкіндік бермейді. Мемлекеттік компаниялар Лондон Қор биржасының премиум листинг сегментіне кіргенімен, бұл олардың FTSE-ге кіруіне кепіл бола алмайды, бір шегініс келесі шегіністің басы болмақ. Себебі ол үшін британдық емес эмитенттерге 50 пайыз еркін резерв талап етіледі. Іс жүзінде, FTSE биржасына шықпайынша, мемлекеттік компаниялардың Лондон Қор биржасының премиум листинг сегментіне кіруінің қаншалық пайдалы болатыны түсініксіз.

Қалай болғанда да, мемлекеттік компаниялар әлемдік индекстерге кірген соң, инвесторлар өз акционерлерімен кеңеспестен, үкіметтік қожайындарымен келіссөз жүргізетін компаниялармен жұмыс істеспек. Aramco компаниясы акцияларының 95 пайызына иелік ететін Сауд үкіметінен қалған акционерлермен кеңес өткіз деп талап етудің өзі орынсыз, ал Лондон Қор биржасының премиум листинг талаптары 25 пайыз акцияны ғана сұрайды.

Қаржылық бақылау басқармасының мемлекеттік компанияларға ерекше жағдай жасау туралы ұйғарымы институционалдық инвесторларды тәуекелге байлап отыр. Дамыған елдерде инвесторлар индекстерді бақылап отырғанымен, саяси тұрғыдан өте ықпалды мемлекеттік компанияларды басқаратындай ресурстарға ие бола алмай қиналады. Оның үстіне, жергілікті реттеушілер мемлекеттік компанияларды корпоративтік басқару талаптарына көндіре алмайтын дамушы нарықтарда да осы проблема туындайды.

Осы күнгі капитал нарығы төменге бағытталған ұмтылысқа қарсылық білдіретіндерді маңдайынан сипамайды. Барлық тетік реттеушілердің қолында тұр.

https://prosyn.org/caVjlmnkk