trump saudi arabia MANDEL NGAN/AFP/Getty Images

Хашогги оқиғасынан кейінгі АҚШ-Саудия қарым-қатынасы

ВАШИНГТОН – АҚШ-та бұрыннан тұрып жатқан саударабиялық диссидент журналист Жамал Хашоггидің корольдіктің Стамбұлдағы консулдығында өлтірілуі мүмкін деген ақпарат сыни пікірдің өршуіне себеп болды. АҚШ конгресінде демократтар да, республикалықтар да егер Сауд Арабиясы үкіметінің Хашоггиді өлтіргені рас болса, онда бұл елге қару сатуды доғарып, қарсы санкция салуға уәде берді.

Дегенмен, барлық дәлелдер мемлекеттің қолдауымен қастандық жасалғанын айғақтап тұрса да, екіжақты қарым-қатынасқа бәлендей нұқсан келген жоқ және дипломатиялық байланыстарды үзу мәселесі де күн тәртібінде тұрған жоқ. Бір адамның өлімі қарым-қатынасқа әсер ете қоймас, себебі Сауд Арабиясы – АҚШ үшін шешуші әріптес. Оқиғаның кері әсерін тоқтату үшін жаңа одақтастар ескі лоббистермен жұмыс істеп жатқандықтан, бұл жайт ғашықтардың арасындағы өкпелесу іспетті ғана болатын түрі бар.

Американың сыртқы саясатындағы Сауд Арабиясының ерекше рөлі – АҚШ президенті тек тәжірибе арқылы көз жеткізетін жайт. Билл Клинтон президент болып сайланған соң оның кеңесшілері Джорд Буштың саясатынан алшақтауға тырысып бақты. Клинтонның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Энтони Лейк енгізген өзгерістердің бірі – Рейган және Буш әкімшіліктерінің кезінде Ақ үйге кедергісіз кіріп келген Сауд Арабиясының елшісі Бандар бин Сұлтанды бұл құқығынан айырды. Бин Сұлтан басқа елшілер сияқты қабылданатын болды.

https://prosyn.org/wspPjPGkk